Екібастұздықтарға көпқабатты үйлердегі жөндеу жұмыстарын бөліп төлеуге болады
Тұрғындар мұндай мүмкіндікке 2029 жылға дейін ие болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Екібастұз қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруда.
Биыл бағдарламаға Кеншілер көшесі, 121; Королев, 70, 76A, 76B, 88; М.Жүсіп, 38А және 40; М.Әуезов, 165 және 165А; Пішембаев, 14 және Энергетиктер, 40А мекенжайлары бойынша 12 көпқабатты тұрғын үй қатысуда. Оларды жөндеуге 677 миллион теңге қажет. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Тұрғындар он жыл бойы жаңа, үш жылдық кепілдігі бар шатыр үшін ай сайын 3500-ден 6500 мың теңгеге дейін төлейтін болады.
– Тәжірибе көрсеткендей, үй тұрғындары көбінесе төбе жабынын жөндеуді таңдайды. Сондай-ақ, тұрғындардың жылу, суық және ыстық су желілерін ауыстыруы және электр желілерін ауыстыруы басым мәселе деп санайды. Көбі жертөлелеріне есептегіш пен автоматика орнатуды, жылу қондырғыларын жаңартуды таңдайды, – деді Екібастұз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин.
Лифтерді ауыстыру екібастұздықтар үшін бөлек мәселе күйінде қалып отыр. Бағдарлама бойынша қалада жалпы 13 лифт ауыстыру қажет етілсе, оның төртеуі бүгінгі күні жөнделді. Бір лифтің құны – 15 миллион 700 мың теңге. Төлем жылына бір адамға 2800-5700 теңгеден он жылға ұзартылды.
Модернизация бағдарламасына қатысу үшін жеті тұрғыннан тұратын топ жиналуы керек немесе жұмысты бақылап, қабылдайтын үй кеңесін бекіту қажет. Осыдан кейін жазбаша сауалнама жүргізіп, құжаттарды тұрғын үй инспекциясына тапсыру тиіс. Сауалнамада шешім қабылдауға тек пәтер иелері құқылы.
Тұрғындарға үйінде жүргізілетін жөндеу жұмыстарының көлеміне екі нұсқаны таңдау мүмкіндігі беріледі: минималды көлем – шатыр, жертөле және кіреберісті жөндеу және максималды көлем – қосымша электр желісін, қалқаларды және кіріс құбырларын ауыстыру, қасбет жөндеу және панельаралық тігістерді оқшаулау.
Сондай-ақ, тұрғын үй инспекциясы Сәтбаев, 22, Ломоносов, 15А; Е.Көшербаев, 54А және 60А, Абай, 160, М.Жүсіп, 22, Кеншілер, 15 және 15В және Энергетиктер, 93 мекенжайлары бойынша тоғыз үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жеті лифтіні ауыстыруға бюджеттік өтінімді қорғау үшін құжаттарды дайындап жатыр.