Арзан ет: Алаяқтар тағы бір жаңа схеманы қолдануда
Қостанайда тартылған ет сатып алғысы келген әйел алаяқтарға тап болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйел бұл жағдай туралы полицияға хабарлаған.
– Ол 21 қазан күні WhatsApp желісіндегі топқа хабарлама жазған. Онда ет сату туралы хабарландыру жарияланған. Топ әкімшісі әйелге тартылған ет таусылғанына байланысты тапсырысты орындай алмайтынын жеткізген, – дейді департаментте.
Кейін әйелге бейтаныс нөмірден фаршты топта ұсынылғаннан да төмен бағаға сатып алуға болатыны туралы хабарлама келген. Әйел көрсетілген нөмірге 13 мың теңге ақша жіберген, бірақ өнімді алмаған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті тергеу әрекеттері жасалуде.
Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандықтарға 90 миллион теңгеге дейін бар болғаны 2%-бен несие алу туралы ұсыныстар жиі түсе бастаған. Олар бұл ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуды немесе кәсіп ашуды ұсынады. Мұның бәрі – алаяқтардың ісі.