Ақтоғай ауданы сайлау учаскесінде тұрғындарды ұлттық киімде қарсы алды
Ақтоғай ауданының халқы ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі маслихат депутаттарының сайлауына белсенді қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ғасырға жуық жасаған Ақтоғай ауылдық округінің тұрғыны Әли Альмяшев №136 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, жастарға батасын берді.
– Елімізде болып жатқан саяси науқанға бей-жай қарамай, өз дауысымды бердім. Сайлауға лайықты азаматтар түсіп жатыр деп ойлаймын. Бұл азаматтардан үлкен өзгерістер күтемін. Ең алдымен азық-түлік бағасы қымбаттамаса және зейнетақыны көтерсе екен деген тілек бар, – деді 95 жастағы Әли Альмяшев.
Қария ауданның гүлденуі жолында аянбай тер төгіп, адал еңбек ететін жастардың үлесі зор екенін айтады.
Жасы жүзге таяған қария ешқашан сайлаудан тыс қалған емес. Әрдайым саяси науқанға өзі келіп, азаматтық ұстанымын танытады.
Айта кетейік, бүгінде Ақтоғай ауданы бойынша 39 адам алғаш рет дауыс беру науқанына қатысуда.