Асайын Байханов Екібастұздағы жылу беру маусымының басталу барысын тексерді
Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың 5-і дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда олардың 2-і жұмыс істеп тұр, 3-і резервте. Ол қазандықтар сыртқы ауа температурасы нөлден төмен түскен кезде қосылатын болады. Тағы 5 қазандықты жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады.
Қайта жаңартылған 4 жылу магистралі іске қосылды. Қазір бұзылған жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: топырақ қабаты мен асфальт жабыны қалпына келтірілуде. Жұмыстарды 25 қазанға дейін аяқтаулары керек.
- 690 көпқабатты тұрғын үйдің 615-і жылумен қамтамасыз етілді. Қалған 60 тұрғын үйге бүгінгі күннің соңына дейін, ал, 15 үйге 14-15 қазан күндері жылу беріледі деп жоспарлануда. Ыстық сумен 601 көпқабатты үй қамтамасыз етілді, - делінген хабарламада.
Кезең-кезеңімен жеке сектор үйлері де жылуға қосылуда. Бүгінгі таңда 68%, яғни, 3870 жеке тұрғын үй жылуға қосылды.
Екібастұздағы 90 әлеуметтік нысанның 85-і жылумен қамтамасыз етілді, қалған 5 нысанға жылу бүгінгі күннің соңына дейін беріледі.
Бүгін Асайын Байханов кеше жылу берілген № 2 мектепке барып, беріліп жатқан жылудың сапасын тексерді. Ғимарат толығымен жылынып, сыныптарда қолайлы температура орнады.
Сондай-ақ, өңір басшысы бүгін жылу берілген Б.Момышұлы көшесіндегі үйлердің тұрғындарымен кездесті. Бастапқы берілген температура 48 градусты құрайды және ол біртіндеп ұлғаятын болады. Алайда, тұрғындардың айтуынша қазірдің өзінде оң әсерін сезінуде, өйткені, үйлерін уақтылы дайындап, жылу тораптары мен үй ішілік желілерді жаңартқандықтан.
Одан кейін облыс әкімі жаңа резервтік су құбырының құрылыс учаскесіне барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Қазан айының соңына дейін мердігер жоспарланған 12 км жаңа желінің 6 шақырымын салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні 3 км төселді. Құрылысты желтоқсан айында аяқтайды.
Асайын Байханов Екібастұзға жылу беру барысы оның қатаң бақылауында екенін атап өтіп, барлық коммуналдық қызметтерге жылу беру маусымының штаттық режимде өтуін қамтамасыз ете отырып, барлық ресурстарды жандандыруды тапсырды.