Екібастұздағы жылу мәселесі жедел шешімін табуда
Облыс әкімі Екібастұзға жылу беру маусымының барысын және коммуналдық қызметтердің қысқы кезеңде қар тазалау жұмыстарына дайындықтарын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кеншілер шаһарында жылусыз отырған 300-ге жуық үйді 24 қазанға дейін қосу жоспарлануда.
Жылуды қосып жатқан екібастұздық энергетиктер үш ауысымда жұмыс істеуде. 17 қазанға қараған түні қаланың жылумен жабдықтау жүйесін теңдестіруге және Торайғыров-Энергетиктер көшелерінің қиылысынан Торайғыров-Пішембаев көшелеріне дейінгі бірнеше шағын ауданның жылу сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңадан салынып жатқан ЖМ-7/1 жылу магистраліне бекіту арматурасы орнатылды. Облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа желіні тексеріп, уақытында аяқтауды талап етті: мұндағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Асайын Байханов өзіне өтініш білдірген Ломоносов, 31, Царев, 6 және Б.Момышұлы, 38 мекенжайлары бойынша орналасқан үйлердің тұрғындарымен жылумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін талқылап, Екібастұз ЖЭО-да жедел штабтың отырысын өткізді.
Қазір мұнда төрт қазандық іске қосылды, біреуі резервте. Қалған бес қазандықтың жөндеу жұмыстарын мамандар қазан айының соңына дейін аяқтайды.
Бүгінгі таңда Екібастұздағы барлық 90 әлеуметтік нысан, 690 көпқабатты тұрғын үйден 688 үй (Беркімбаев, 99 және Кеншілер, 5 мекенжайлары бойынша ПИК үйішілік желілерге жөндеу жүргізуде), сондай-ақ, жеке сектордағы 5461 жеке үйге жылу берілді, қалған 276 үйді 24 қазанға дейін қосу жоспарлануда.
Асайын Байханов екібастұздықтардың жылуға қатысты шағымдарын жедел түрде қарастыруды тапсырды. Қала тұрғындарының өтініштерінде жиі кездесетін Абай, 39, 72; Беркімбаев, 182 А; Бөгенбай батыр, 8; Көшербаев, 18, 54 А, 58; Матросов, 3; Молдағұлова, 47/5; М. Жүсіп, 40 А; Сәтбаев, 12; Торайғыров, 114/2; Шешембеков, 11, Энергетиктер, 97 А мекенжайларына және аурухана кешеніне ерекше назар аударуға нұсқау берді. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға аптаның соңына дейін жылу желілерінің мамандарымен бірлесіп шағымдарды қарап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қыс маусымында кеншілер қаласын қардан 200-ден астам жұмысшы мен 124 бірлік мамандандырылған техника тазалайтын болады. Өңір басшысы мердігер ұйымдарға қар қалың жауған кезде жұмыстарды үш ауысымдық режимге ауыстыруды міндеттеді.