Асайын Байханов Екібастұзда тұрғын үйлердің дайындығын тексерді
Облыс әкімі штаб отырысын аяқтағаннан кейін бірнеше мекенжайды аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов тұрғындармен сөйлесіп, жылу қабылдауға дайындықтарын тексерді.
Кейбір үйлердің салынғанына көп жыл өткеніне қарамастан, тұрғындары барлық жүйелерді тиісті жағдайда ұстап отыр.
Мәселен, М. Жүсіп көшесіндегі 147 үйдің тұрғындары мақсатты қаражат жинап, жылу торабы мен барлық жылумен жабдықтау құбырларын ауыстырған. Энергетиктер көшесі, 46 үйінің тұрғыны жылумен жабдықтау және кәріз жүйелерін толығымен жаңартқандарын айтты. Келесі кезекте сумен жабдықтау құбырларына жөндеу жүргізу.
- Пішембаев көшесі бойындағы жеке сектор үйлері тұрғындарының өтініші бойынша тозығы жеткен су құбырын ауыстырып жатқан учаскедегі жұмыстардың барысын тексердім. Ондағы жөндеу жұмыстары келесі аптаның соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда, - деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы осы аулаларды одан әрі абаттандыру бойынша барлық тілектер мен ұсыныстарды назарға алғанын жеткізді.
Болашақта жарықтандыру, асфальт төсеу, балалар мен спорт алаңдарын орнату қажет. Келесі жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру кезінде осы ұсыныстардың барлығы ескерілетін болады.