Асайын Байханов екібастұздықтардың ерлігін ерекше атады
Облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар әкімі Хасар Хабылбеков атап өткендей, қаланың үш ЖЭО-сында 11 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған төртеуі қазан айының соңына дейін аяқталады.
- Жалпы дайындалған энергия ресурстарының қуаты қаланы қажетті жылу мөлшерімен қамтуға жеткілікті. Жылу желілерінде гидравликалық сынақтар аяқталды. Барлығы 526 ақау анықталып, барлығы жойылды, - деді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімінің сөзіне қарағанда, барлық әлеуметтік, медициналық және білім беру нысандары жылу қабылдауға дайын. 1277 көпқабатты үйдің 1135-сі немесе 96 проценті қысқа даяр.
Екібастұзда да жағдай тұрақты – барлығы дерлік үйлер жылыту маусымына дайын. Екібастұз ЖЭО-сында екі қазандық толығымен жөнделді, қалған сегізі – қазан айына қарай әзір тұрады. Асайын Байхановтың айтуынша, Екібастұздың жылыту маусымына ойдағыдай енуі үшін екі қазандықтың өзі жеткілікті. -37 градус аяздың өзінде жылу станциясында небары бес қазандық іске қосылады.
Өңір басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстың ауқымдылығына ерекше тоқталып, екібастұздықтардың ерлігін бөле-жара айтты.
- Екібастұздықтар ерлік танытып, бізге қолдау көрсетті, сол үшін алғыс айтамын, - деді облыс әкімі. – Екібастұзда мұндай ауқымды жұмыс қаланың негізі қаланған уақыттан бері атқарылмаған. 382 шақырым желінің 65-сін жаңарттық. Бұл, әрине, жартысы емес, алайда барлық желілерді бір жылда ауыстыру мүмкін емес.
Сондай-ақ облыс әкімі Павлодар басшысы Хасар Хабылбековке қысқы уақытқа дайындық бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Айталық, Асайын Байханов 20 қыркүйекке дейін Павлодардың барлық үйлерін ыстық сумен қамтуды бұйырды.
Жылу маусымының басталатын уақыты ауа-райына байланысты. Ол үшін ауа температурасы үш күн бойы +8 градустан төмен түсуі тиіс. Алайда Асайын Байханов маусымның басталатын уақытын шамалады.
- Әлеуметтік нысандарды бірте-бірте 15-16 қыркүйекте қоса бастаймыз, тұрғын үйлерді қазан айының басына қарай қосамыз. Жылыту маусымы барлық үш қалада бір уақытта басталуы тиіс, - деді өңір басшысы.
Қазіргі кезде Павлодарда 1277 үйдің 1054-інде ыстық су бар, ыстық сусыз 223 үй қалып отыр.
Фото: Константин Шелков