Екі жыл бұрын құбыр тартылған Павлодар ауылы неге ауызсусыз отыр
Ауылдағы үйлер биыл күзге дейін орталықтандырылған суға қосылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының тұрғындары көптен бері таза ауызсудан тапшылық көріп отырғандарын айтып шағымдануда. Олардың айтуларынша, осы мәселені шешу үшін 2 жыл бұрын елді мекенге су құбырлары тартылған.
- «Су әне келеді, міне келеді» деп күтуден шаршадық. Көлігі бар адамдар күнделікті пайдаланатын ауыз суды облыс орталығынан тасып әкеп алады. Ал көлігі жоқ адамдар өздері қазып алған құдықтың суын ішеді. Құдық суының сапасы сын көтермейді, тұзды. Тіпті, шәй қайнатып жүрген шәйнектің ішін қақ басып, қатып қалады. Басқа жол жоқ. Осы мәселені ауылда өткен талай жиналыстарда көтердік, - дейді ауыл тұрғыны Ғарифолла Әділдабек.
Сондай-ақ ол қалаға қарасты Кенжекөл, Мойылды ауылдарында ауызсу баяғыда тартылғанын, тіпті, шалғайда жатқан көптеген ауылдар да орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанын айтып, шаһарға тиіп тұрған өз ауылының өркениет көшінен қалып қойғанына қапалы екенін жеткізді.
Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушанов 2021 жылы басталған ауылға су тарту жобасы 2 жылдық жоба екенін атап өтті. Жоба биыл аяқталуы тиіс.
- Қазіргі таңда құбыр салу жұмыстары аяқталды. Енді сорғы станциясын тазалау, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу жұмыстары қолға алынуда. Бұл жұмыстар биыл мамыр айының соңына дейін бітеді. Ал, маусым айынан бастап әр учаске бойынша жұмыс жүргіземіз. Бәрі ойдағыдай болса, шілде айынан бастап су құбыры іске қосылады деп жоспарлап отырмыз, - деді Сырым Рушанов.
Алайда, бір уақытта ауылдағы барлық үйге ауызсу жіберілмейді. Құрылғының мүмкіндігіне, судың екпінінің қысымына қарап әр көшеге біртіндеп су жібереді. Сөйтіп, осы жылдың күз айларының соңына дейін, яғни суық түспей елді мекендегі барлық отбасы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарланған.
2021 жылдың желтоқсан айында басталып, 2023 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс жобаға республикалық бюджеттен 1,2 миллиардтан астам теңге бөлінген.
- Осы жұмыспен айналысып жатқан павлодарлық мердігер фирма - «Ай-Су Мелиорация» ЖШС жоспарға сай әрекет етуде. Әзірге ешқандай кедергі жоқ. Жоба екі жылға арналған. Белгіленген уақытында шаруа аяқталады деген үміттеміз. Сондықтан тұрғындардың алаңдамағаны жөн, - дейді Сырым Рушанов.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бүгінде мұнда 6490 адам тұрақты тіркеуде тұр. Ал ауылда тіркеуі жоқ, үй жалдап тұрып жатқан халық саны 1 мыңнан асады.
Сонымен қатар, Сырым Рушанов Павлодар ауылы қалаға тиіп тұрса да, көптен бері ауызсу мәселесінің шешілмеуіне қомақты қаражатты қажет ететін қуатты жобаны қаржыландыру ісінің қолбайлау болғанын айтады. Ал ауылдықтар салыстыра айтып жүрген алыстағы шағын елді мекендердің ертеде-ақ ауызсумен қамтылып қоюы оларда жобаның құны арзан екендігімен байланысты.
Нұржайна ШОДЫР
Фото: ашық дереккөздерден