Асайын Байханов павлодарлықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Асайын Байханов павлодарлықтарды Жаңа жылмен құттықтады
Фото: Есенжол Исабек

Ол тұрғындарға бақыт пен амандық тіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

– Құрметті Павлодар облысының тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Сіздерді келіп жеткен 2026 Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл - үкілі үміт пен жаңа мүмкіндіктер уақыты болсын! – деп жазды облыс әкімі жеке парақшасында.

Оның сөзінше, өткен жыл оңай болған жоқ - ол төзімділік, жауапкершілік пен өзара қолдауды қажет етті. 

– Павлодар облысы сенімді қадамдармен алға қадам басты: экономика дамып, инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асты, ал өсім көрсеткіші бойынша өңір елде екінші орынға шықты. Бірақ ең басты байлығымыз адамдар, яғни отбасының әл-ауқаты, балаларға қамқорлық және қарттарымызға көңіл бөлу болып табылады. Барлық жоспарымыз бен шешімдеріміз осы бағытқа қызмет етеді, – деп атап өтті ол.

Аймақ басшысы әр павлодарлыққа адал әрі тынымсыз еңбегі, елге деген сүйіспеншілігі үшін шын жүректен алғыс айтады. 

– Бұл - Ертіс-Баян өңірінің басты күші! Жаңа жыл әр үйге тыныштық, береке және ертеңге сенімділік әкелсін. Ата-аналарымыз аман, балаларымыз бақытты, жүректеріміз тыныш болсын. Жаңа жыл құтты болсын! – деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс әкімі тұрғындарға мықты денсаулық, сәттілік пен амандық тілейді.