Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған жүзден астам шетелдік анықталды
Шетелдіктерді заңсыз жұмыспен қамтыған 10-нан астам өңір тұрғыны жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу мақсатында 12 сәуірден бастап өңірде «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Тәртіп сақшылары шетелдіктердің тұратын жерлерін, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдарды және шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексереді.
- ЖПШ барысында шетел азаматтарының елде болу ережесін бұзған 137 факт анықталды. Соның ішінде полицияға келген шетелдіктер туралы уақтылы хабарламағаны үшін 44 жеке тұлға жауапқа тартылды. Бұзушыларды елден шығару туралы 5 сот шешімі шығарылды. 13 жұмыс беруші шетелдікті заңсыз жұмыс күшіне тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді облыстық ПД көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Мысалы, бұрын елімізде рұқсат етілген болу мерзімінен асып кеткені үшін Тәжікстан Республикасының азаматы Отанына оралмай, Шарбақты ауданында жұмысқа орналасқан. Бұл ретте екі тарап та еңбек қатынастарын ауызша рәсімдеген. Шетелдіктің жалақысымен бірге жұмыс беруші елде болу мерзімі бұзылған шетелдікті заңдастыруға шаралар қолданбағаны және оған тиісті рұқсатсыз жұмыс бергені үшін мемлекетке 55 АЕК айыппұл төлеуге міндетелді.
Бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасаған шетелдіктің тағдырын аудандық сот шешеді.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласында салынып жатқан нысанда заңды тұлғада еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты жоқ Тәжікстанның 5 азаматын қалалық әкімшілік сот 10 тәулікке қамауға алды, ал олардың жұмыс берушісі 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
Көші-қон заңнамасының бұзылуының алдын алу және анықтау жөніндегі жұмыс жалғасады.