Асайын Байханов Павлодарға қасиетті жәдігерді жеткізген делегациямен кездесті
Грекиядан әкелінген Тримифунттық әулие Спиридонның қасиетті жәдігеріне Қазақстанда 180 мыңға жуық адам тағзым еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен, сондай-ақ Грек Православие шіркеуінің Керкира митрополиясы делегациясымен кездесті.
Кездесу православие қауымы қастерлейтін Тримифунттық әулие Спиридонның қасиетті жәдігерін Павлодарға жеткізуге орай ұйымдастырылды. Өңір басшысы дін өкілдерін қарсы алып, сапар барысында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Сіздер біздің өңірге ерекше әрі маңызды миссиямен – әлемдегі православие дінін ұстанушылар қастерлейтін қасиетті жәдігерді алып келдіңіздер. Бұл шараға Павлодар облысының ғана емес, Қазақстанның көршілес өңірлерінен және Ресейдің шекаралас облыстарынан да тағзым етушілер келетініне сенімдімін. Біз өз тарапымыздан дін өкілдеріне қажетті қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасауға дайынбыз, – деді Асайын Байханов.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр облыс басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, қасиетті жәдігердің православие дінін ұстанушылар үшін маңыздылығына тоқталды.
Ал 7 қазанда кешкі сағат 22:00-де Грекияның Корфу аралынан жеткізілген жәдігер Благовещенск кафедралды соборында салтанатты түрде қарсы алынды. Оған дін қызметкерлері мен жүздеген сенуші қатысты. Құлшылық рәсімін митрополит Александр басқарды.
Қасиетті жәдігер – IV ғасырда өмір сүрген Тримифунттық әулие Спиридонның шірімей сақталған оң қолы. Ол православие әлемінде ерекше құрметтелетін діни құндылықтардың бірі саналады.

Собордағы құлшылық кезінде митрополит Александр жәдігердің Павлодарға жеткізілуін өңір үшін «шағын Пасха» деп атады. Оның айтуынша, Қазақстанға дейін Мәскеу мен Санкт-Петербургте оған миллионнан астам адам тағзым еткен.
Еліміздегі діни сапар 21 қыркүйекте басталып, 10 қазанға дейін жалғасады. Павлодар – осы бағыттағы тоғызыншы қала. Бұған дейін жәдігер Байқоңырға жеткізіліп, онда 5500 адам тағзым еткен. Жалпы Қазақстан бойынша сенушілер саны 180 мыңға жуықтаған.
– Жақындарыңыздың денсаулығы, туған жеріміз, Павлодар қаласы және бүкіл Қазақстан үшін дұға етіңіздер. Жаратқан елімізге бейбітшілік, сенім мен мейірім сыйласын, – деді митрополит Александр собордағы құлшылық кезінде.
Қасиетті жәдігер Павлодарда 9 қазанға дейін болады. Осы уақыт аралығында Благовещенск кафедралды соборында күндіз-түні дұға ету рәсімдері өткізіледі.
Жәдігерге тағзым еткен сенушілерге әулие Спиридонның иконасы мен оның діни киімінің шағын бөлігі – филахта сыйға беріледі.
Тримифунттық әулие Спиридон III ғасырдың соңында Кипр аралында дүниеге келген. Православие дәстүрінде ол қайырымдылығымен, мұқтаж жандарға көмектесуімен және діни қызметімен танылған әулие ретінде құрметтеледі.
Фотосуреттің авторы – Татьяна Сартакова