Павлодарлықтар Асайын Байхановқа әлеуметтік сұрақтар бойынша жүгінді
Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кездесуде тұрғындар әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй кезегінен бастап оқу орындарындағы дене шынықтыру сабақтарындағы қауіпсіздікке дейінгі бірқатар мәселелерді көтерді. Барлық өтініштер бойынша орындау мерзімдері белгіленіп, нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, қабылдауда Павлодар тұрғыны автобус аялдамаларында темекі шегу мәселесіне назар аударды.
– Баламен автобус күтіп тұрғанда жаныңда біреудің темекі шегіп тұрғаны өте жағымсыз. Заңнама нормалары бар және оларды қоғамдық орындарда сақтау керек, – деді қала тұрғыны.
Облыс әкімі бастамаға қолдау білдіріп, қала әкімдігіне «Темекі шегуге болмайды» деген қосымша белгілерді орнатуды және қоғамдық орындарға мониторинг жүргізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.