Асайын Байхановтың Екібастұздағы мектептің жөндеу жұмысына көңілі толмады
Облыс әкімі ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек мектептердің жобасын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Екібастұз қаласына барған іссапар барысында №10 жалпы орта білім беру мектебінде жүргізіліп жатқан ішінара жөндеу жұмыстарымен танысты. Онда ғимараттың жұмсақ шатыры мен мәжіліс залы күрделі жөндеуден өтуде. Білім ордасында 1460 бала білім алады.
– Сіздер ауылдың 60 бала оқитын мектептеріне 500-600 миллион теңге сұрайсыздар да, мынандай мектептерге 80-90 миллион бөлесіздер. Ол не болады? Қайта қарастырыңыздар. Екібастұз қаласының үлкен-үлкен мектептері бар. Мысалы, бұл № 10 мектеп те – ең үлкен мектептердің бірі. Толық күрделі жөндеу жасап кіру керек еді. Ауыз толтырып айтатын, көрсететін дүние жоқ, – деп сынға алды Асайын Байханов.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина бұл үш жылға бөлінген дайын жобалық-сметалық жобаларға қаражат ұсынылғанын атап өтті. Жалпы, биыл Екібастұз қаласындағы он мектепті жөндеуге қаражат бөлінген.
– Бұл мектептердің қайсысын алсаң да ана жерде бір бұрышы, мына жерде бір бұрышы істелген. Жұмысты бастағаннан кейін басынан аяғына дейін жөндеп істеу керек. 60 мектепті жөндейміз деп айтасыздар да, мәжіліс залы, төбесін ғана жөндейсіздер. Кешенді түрде жасау керек. Әсіресе бала көп оқитын қала мектептеріне көңіл бөлу қажет, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Екібастұз, Ақсу қалаларында 800-ден астам оқушы білім алатын мектептерге кешенді жөндеу жасау керек екенін айтты. Оның пікірінше, мыңнан астам оқушы оқитын мектептердің маңында халық саны көп, педагогтар мықты және жақын жерде білім ордасы болмауы мүмкін.