Астаналық мамандар Павлодар облысында ауыл тұрғындарының құлақ саулығын тексереді

Жоба аясында көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласындағы «Центр слуха» орталығы тұңғыш рет қолға алынған ерекше әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. «Есту саяхаты» деп аталған бұл бастама – Қазақстандағы алғашқы жылжымалы есту орталығы. Жоба аясында дәрігер мамандар өңірлерді аралап, ауыл-аймақ тұрғындарының құлақ саулығын тегін тексеруде.
Қазіргі таңда арнайы жабдықталған «ГАЗель» автокөлігі Павлодар облысына жетті. 23 қыркүйектен бастап мамандар өңірдің шалғай аудандарын аралап, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.
Олар 23 қыркүйекте Ақсу қаласы және Ақтоғай ауданы, 24 қыркүйекте Баянауыл және Ертіс аудандарында, 25 қыркүйекте Көктөбе және Железин, 26 қыркүйекте Тереңкөл, 27 қыркүйекте Успен, 28 қыркүйекте Шарбақты, және соңғы аялдама 29 қыркүйекте Аққулы ауданында болады.
Қажет болған жағдайда экспедиция Павлодар қаласына да соғуы мүмкін.
– «Есту саяхатының» негізгі мақсаты – шалғай елді мекен тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Өйткені облыс орталықтарында арнайы орталықтар бар болғанымен, ауылды жерлерде мұндай мүмкіндік сирек кездеседі, – деді жоба жетекшісі Ануар Қайыржанов.
Ануар Қайыржановтың айтуынша, жылжымалы орталықтың артықшылығы – оның ішінде екі бірдей кабинет орналасқан. Біріншісінде алдын ала тестілеу жүргізілсе, екіншісінде тереңдетілген тексеру жасалады. Егер адамда есту қабілетінде ақау анықталса, оған қосымша медициналық кеңес беріліп, тиісті емдеу мекемелеріне жолдама беріледі.
Жоба аясында көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін. «Есту саяхатының» орталығы өкілдері тек халыққа көмектесуді мақсат етіп отыр.
– «Есту саяхаты» Астанадан бастау алған. Бұған дейін экспедиция Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарын аралап үлгерді. Алдағы уақытта Ұлытау және басқа да өңірлерге жол тарту жоспарланып отыр. Біз ең алдымен ауыл-аймақтарға барамыз. Себебі ірі қалаларда арнайы орталықтар бар, ал шалғай ауыл тұрғындарына мұндай көмекке қол жеткізу қиын. Сол үшін жылжымалы орталықты іске қостық, – дейді жоба жетекшісі.
«Есту саяхаты» – қазақстандық медицина саласындағы тың бастамалардың бірі. Жоба аясында мамандар мыңдаған адамның денсаулығына пайдалы көмек көрсетіп, есту қабілетін сақтауға септігін тигізбек.