Атамекен тұрғындары қай ауылдастарын мақтан тұта алады?
Бұл ауылдың басты байлығы – оның адамдары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласынан небәрі 22 шақырым жерде орналасқан Атамекен кентіне жету қиын емес. Қала автовокзалынан жолға шыққан жолаушы шамамен 30–45 минутта ауылға табан тірейді. Көлікпен қатынау қолайлы: жол ақысы қолма-қол төлеммен 1000–1500 теңге шамасында.
Атамекен – атауының өзі елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін мекен. Айта кетерлігі, Қазақстанда «Атамекен» атауын иеленген елді мекендер саны онға жуық. Солардың бірі – Павлодар облысындағы Атамекен кенті. Жалпы аумағы 7 608 гектарды құрайтын ауылда бүгінде 10 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді.
Ауыл тұрғындары ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән береді. Үлкендер өз тәжірибесін бөліссе, жастарға жан-жақты дамуға мүмкіндік жасалған. Соның бір дәлелі – зейнеткер, ҚР Білім беру ісінің үздігі Рысты Мусинованың бастамасымен №33 мектепте ашылған «Қызғалдақтар» қыздар клубы.
Клубтың негізгі мақсаты – қыз балаларға инабаттылықты, мәдениетті сөйлеуді, үлкендермен қарым-қатынасты және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Ұлттық дәстүрді сақтап, оны жас ұрпаққа үйретіп жүрген жандардың бірі – қолөнер шебері Ғалия Сұңғатова. Ол құрақ көрпе, алаша, сырмақ тігіп қана қоймай, әр ою-өрнектің мәні мен мағынасын түсіндіреді. Ғалия Сұңғатова – елге белгілі ерекше жан. 2024 жылы «Аламан құрақ» жобасына қатысып, Қазақстанның рекордтар кітабына енсе, 2025 жылы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 660 қолөнершімен бірге әлемдік рекорд орнатып, дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Ол жіп иірудің өзі қазақтың салт-дәстүрімен, ырым-тілектерімен тығыз байланысты екенін ылғи айтып жүреді. Ақ жаулықты әже әр бұйымын ақ ниетпен жасайды.
Атамекен кенті спортшыларымен де мақтана алады. Ауылдағы барлық нысан бір-біріне жақын орналасқан, бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Солардың бірі – «Сұңқар» спорт кешені. Осы жерде жаттығып, ауылдың атын елге танытып жүрген жас спортшы, ММА жауынгері Тамерлан Марат – ауылдастардың зор мақтанышы.
2024 жылы ол әлем чемпионы атанса, 2025 жылдың қазан айында Азия чемпионы атағын иеленді. Сонымен қатар, ол – Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Спортқа 13 жасында келген Тамерлан бүгінде күн сайын тыңғылықты жаттығып, биік белестерді бағындыруға дайындалып жүр.