Атығай ауылы жаңа мектеппен толығуға жақын
Екібастұз қаласына қарасты Байет ауылдық округіндегі Атығай ауылында жаңа мектептің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Маңызды әлеуметтік жоба Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Ал жаңа білім ордасының құрылысы «Бозшакөл Қазминерал» ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен қаржыландырылып отыр.
Қазіргі уақытта мектеп ғимаратының сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, еден төсеу процесі жалғасуда.
Құрылыс бөлімінің мәліметінше, екі қабатты жаңа мектеп 120 оқушыға арналған.
Жаңа білім ордасының ашылуы ауыл балаларына қолайлы әрі заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік беріп, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.