Ауыл романтикасы: Павлодарда кітапхана түні өтеді

Ауыл романтикасы: Павлодарда кітапхана түні өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындарды қолөнершілер көрмесі мен байқаулар күтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

22 сәуірде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жыл сайынғы Кітапхана түні өтеді. 

– Мақсаты – мәдени-рухани орталық ретінде жергілікті тұрғындарды кітапханаға тарту, кітап оқуды ілгерлету. Заманауи кітапхана кітап оқитын орын ғана емес, қызықты кездесу, пікір алмасу, демалу орталығы. Кітапхана түнінің тақырыбы – «Ауыл кеші көңілді», – дейді ұйымдастырушылар.

Кітапханада жергілікті мерейтой иелері: Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдығы, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы, Иса Байзақовтың 125 жылдығы, Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына арналған «Жаяу Мұса ауылы», «Майра ауылы», «Иса ауылы», «Қалмұқан ауылы» атты төрт алаң болады. Ал «Достық ауылы» Қазақстан халқы Ассамблиясының 30 жылдығына және Павлодар облысында тұратын халықтың мәдениетін көрсетуге арналады.

Іс-шара кешкі сағат 18:00-де басталады. Қонақтар көрмелерге, қолөнершілер жәрмеңкесіне, айтысқа куә болады, байқауларға, викториналарға, ойындарға қатыса алады.