Отбасылық жылулық пен қиялға толы күн: Павлодарда арбалар шеруі өтеді

Отбасылық жылулық пен қиялға толы күн: Павлодарда арбалар шеруі өтеді
Фото: Салтанат Сипатилова

Сайысқа 15 қатысушы тіркеліп үлгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шеру алғаш рет 2017 жылы өткізілді. Алғашында бұл «Ана үйі» қоғамдық қорында өткен шағын мереке болатын. Кейін бұл шараның ауқымы кеңейіп, қалалық әкімдік арнайы орын бөліп берді.

– Біз бұл мерекені отбасылық құндылықтарды қолдау, балалар мен ата-аналар үшін жайлы атмосфера қалыптастыру мақсатында өткіземіз. Бұл – әкелер мен аналардың шығармашылығын көрсетуге жақсы мүмкіндік, – деді қор координаторы Салтанат Сипатилова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын павлодарлықтар креативті бола түсуде. Ата-аналар көбінесе ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін,  ұлттық нақыштарды және түрлі мамандықтарды таңдайды. Өткен жылы көбелек, киіз үй форматындағы арбаларды кездестіру мүмкін болды.

– Ерекше есте қалған арбалардың бірі – «Синий трактор» және Малефисента кейпіндегі ана. Ол костюмін кәдімгі пакеттерден жасап шыққан, – деп бөлісті Салтанат Сипатилова.

Ол өзі де өткен жылы байқауға қатысқан. Жолдасымен бірге бір күнде қолда бар материалдардан бэтмобиль жасап шыққан. Биыл олар қатысатын-қатыспайтынын әлі шешпеген.

Ұйымдастырушылар бастысы қауіпсіздікке мән беруге кеңес береді: арбаның сәндеуі жүруге кедергі келтірмеуі тиіс. 

– Ата-аналар қымбат бөлшектер сатып алмай-ақ, қолда бар материалдарды пайдалануға кеңес береміз. Егер мүмкіндік болса, анасы мен баласына бірдей образ жасаған дұрыс, – дейді ұйымдастырушы.

Биыл шара 2 тамыз күні сағат 11:00-де қалалық саябақта өтеді. Тіркелу үшін

8 747 3114083 нөміріне өтініш білдіру қажет.