Автобустағы жанжал: соққы алған павлодарлық жүргізушінің жағдайы белгілі болды

Автобустағы жанжал: соққы алған павлодарлық жүргізушінің жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдық көліктің жүргізушісі дәрігерлердің жіті бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде жолаушылар автобусында ер адамның жүргізушіге күш қолданғаны таспаланған видео тарады. Белгілі болғандай автобус салонында болған жігіт пен қыз жолақысын төлеуден бас тартып, арты жанжалға ұласқан. Жас жігіт жүргізушіге бірнеше рет соққы жасап, кейін бетіне бұрыш спрейін шашқан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас  жедел медициналық жәрдем бригадасымен Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың травматология пунктіне жеткізілген.

Офтальмолог дәрігердің тексеру нәтижесінде оған қасаң қабық пен конъюнктиваның жеңіл дәрежелі химиялық күйігі диагнозы қойылған.

Емдік-диагностикалық шаралар жүргізілгеннен кейін науқас тіркелген жері бойынша офтальмологтың амбулаториялық бақылауына жіберілді.

Еске сала кетейік, автобус жүргізушісін соққыға жыққан жігіт іздестіріліп жатыр.