Павлодарда автобус жүргізушісін соққыға жыққан жігіт іздестіріліп жатыр

Павлодарда автобус жүргізушісін соққыға жыққан жігіт іздестіріліп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға ағымдағы жылдың 2 қазанында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде жолаушылар автобусында ер адамның жүргізушіге күш қолданғаны таспаланған видео тарады. Оқиға кезінде автобуста жолаушылармен қатар балалар да болған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, автобус салонында болған жігіт пен қыз жолақысын төлеуден бас тартқан. Жүргізушімен сөзге келгеннен кейін жас жігіт автобустың артқы алаңынан жүгіріп келіп, оған бірнеше рет соққы жасаған.

Жүргізуші есін жиып, қарсылық көрсетуге тырысқан кезде, шабуыл жасаған азамат оның бетіне бұрыш спрейін шашқан. Оқиға жабық автобус салонында, жолаушылар мен балалардың көз алдында болған. Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатқанын атап өтті.

Құқық қорғау органдары күдіктіні немесе онымен бірге болған қызды танығандарға бірден полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласуды сұрайды.