Павлодарда энергетикалық сусын ішкен жігіт ауруханаға түсті
20 жастағы жігіт екі жыл бойы күн сайын төрт құтыға дейін энергетикалық сусын ішіп жүрген. Соның салдарынан жүрек қызметі бұзылып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кардиология орталығына жеткізілген жас жігіт физикалық белсенділік кезінде ауа жетпей қалатынын, тыныс алудың қиындағанын, жүрек соғысының жиілегенін және тәбетінің төмендегенін айтып шағымданған. Оның айтуынша, бұған дейін жүрек-қантамыр жүйесінде ешқандай ауру болмаған.
– Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды, – деді облыстық кардиоорталықтың дәрігері, PhD докторант Айнұр Шүкімбаева. – Алғашқы кезеңде ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап, кейін жүрек жеткіліксіздігі бөлімшесіне ауыстырылды.
Мамандардың айтуынша, оған «энергетикалық сусындардың әсерінен болған уытты кардиомиопатия» және «ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозы қойылған. Толық сауығу үшін жігіт бұл сусындардан біржола бас тартып, кардиологтардың тұрақты бақылауында болуы тиіс.
Биылғы жылдың өзінде кардиоорталыққа жүрекке байланысты шағыммен төрт жас азамат түскен.
– Ағза әрқашан белгі береді. Ерте пайда болатын және жиі кездесетін белгілер – жүрек соғысының жиілеуі, ырғақтың бұзылуы, мазасыздық, бас айналу, бас ауруы және ұйқысыздық. ХЭнергетик ішкеннен кейін осы белгілердің бірі тұрақты түрде байқалса, бұл – дабыл белгісі, – дейді кардиолог.
Егер адамда жүрек ырғағының бұзылуына бейімділік немесе жасырын сырқат болса, энергетикті қабылдағаннан кейін 30–90 минут ішінде жағымсыз реакциялар пайда болуы мүмкін. Ал бұл жағдай физикалық жүктеме, стресс, алкоголь не есірткімен қатарласа түссе – қауіп еселеп артады.
– Әсіресе жастар арасында бұл жиі кездеседі. Энергетиктер кейде психобелсенді заттармен бірге тұтынылады, – деп ескертті Айнұр Шүкімбаева. – Алдымен қысқа уақыт ішінде сергектік, пульс пен қан қысымының жоғарылауы байқалады. Артынан жүрек қағысы бұзылады, мазасыздық пен бас ауруы басталады. Соңы әлсіздікке, ойды шоғырландырудың қиындауына, тіпті естен тану мен жүрек ұстамасына әкелуі мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, энергетиктер әсіресе 25–40 жас аралығындағы ер адамдар үшін инфаркт қаупін бірнеше есе арттырады, тіпті денсаулығында бұрын проблема болмаған күннің өзінде.
Энергетикалық сусындардың ең қауіпті компоненті – кофеин. Бір құтыда 3–4 кесе кофе мөлшеріндегі кофеин болуы мүмкін. Ал таурин, гуарана, женьшень сияқты басқа стимуляторлармен қосылғанда, жүрек пен қан тамырларына түсетін салмақ еселенеді.
Энергетик ішкеннен кейін жүрек жұмысын тыныштандыру үшін алдымен физикалық белсенділікті тоқтатып, жатып, таза ауада терең және баяу тыныстау ұсынылады.
– Міндетті түрде су ішіңіз. Егер жарты сағат ішінде жағдай жақсармаса немесе кеудеде ауырсыну, жүрек ырғағының бұзылуы, әлсіздік пайда болса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз. Мұндай жағдайда өз бетінше ем қабылдау өте қауіпті, – дейді дәрігер.
Энергетикке байланысты жүрек мәселесін анықтау қиын емес, белгілер әдетте сусынды ішкеннен кейін бір сағат ішінде пайда болады. Бұған дейін мұндай белгілер болмаған болса, қауіптің нақты себебі сол энергетик болуы мүмкін.
– Көптеген науқастар энергетик ішкен соң жүректері «қозып», тыныс алудың қиындап, мазасыздық пен тершеңдік пайда болатынын айтады. Мұның бәрі жаттығусыз-ақ пайда болады, – деп нақтылады Айнұр Шүкімбаева.
Егер бұл симптомдар әр қабылдаған сайын қайталанса, бұл – энергетиктің тікелей әсері. Мұндайда оны дереу тоқтатып, маман кеңесіне жүгіну қажет.
Жансая Мәлік