Павлодарда жаңа тұрғын үй бағасы айтарлықтай өскен
Баға бір жылда 14,8%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, елімізде ағымдағы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша жаңа пәтерлердің бағасы бір жылда 3,2%-ға өсті. Ал, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік құны, керісінше, 5,4%-ға төмендеген. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу құны 0,9%-ға арзандаған.
– Еліміздің ірі қалаларының ішінде жаңа тұрғын үй бағасы Павлодарда айтарлықтай өсті: бір жылда – 14,8%. Сондай-ақ, Петропавлда (плюс 10,6%) және Ақтауда (плюс 10%) айтарлықтай қымбаттағаны тіркелді. Ал Қарағандыда бағалар өткен жылдың деңгейінде қалды. Шымкент пен Көкшетауда бағалар керісінше төмендеді: 4,3% және 6,3%, – деп жазылған хабарламада.
Қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы Атырауда (бір жылда 11,8%-ға), Семейде (8,3%-ға) және Қызылордада (7,8%-ға) артты. Өскеменде баға өзгермеген болса, Қарағанды, Орал, Алматы, Ақтау, Қонаев және Астана сияқты қалаларда қайталама нарықта тұрғын үй арзандады.
Жалға алу құны Жезқазған, Қарағанды және Көкшетауда қымбаттаған. Павлодарда бағалар өткен жылдың деңгейінде қалды, Түркістан мен Алматыда төмендеді.
Ағымдағы жылдың қараша айында ҚР бойынша жаңа тұрғын үйдің құны бір шаршы метрге 492 мың теңгені құрады. Қайталама нарықтағы баға сәл қымбаттырақ 493,6 мың теңге болды.