Ақсу ауылдық аймағында тал түсте алабайды атып кетті
Айнакөл ауылының тұрғыны әлеуметтік желідегі «Сердца Павлодара» қоғамдық қорының парақшасында алабай итін атып кеткені туралы жазба қалдырып, оқиғаның мән-жайын баяндаған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
– 23 маусым күні екі итім қоршаудан шығып кеткен. Павлодар қаласына қатынап жұмыс істеймін. Кенттің ортақ чатына иттерімнің көрші бақшада жүргенін естіген соң дереу такисмен жарты сағаттан соң үйге жеттім. Көршім бақша жағында тарс еткен дауысты естіп, жүгіріп шыққанда ақ киім киген әкімдіктің қызметкері екі иттің бірін көздеп тұрғаны, екіншісі жерде жатқанын көргенін айтты, – дейді хаттың авторы.
Оның айтуынша, ақ көлік келіп, иттің табанынан байлап, қоқысқа алып кеткен.
– Әкімдіктің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар осылай әрекет етуге құқылы ма? Алабай итінің халықаралық төлқұжаты мен екпесі бар. Үш жасар қызыммен бірге өскен, – дейді иттің иесі.
Облыстық полиция департаментінде аталған фактіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-бабы, 2-бөлімі бойынша тексеріс жүргізілуде. Жануарларға қарау саласындағы заңнаманы бұзу. Жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға - жиырма, заңды тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.