«Ақсу» ел чемпионатының көшбасшы ұжымдарының бірін қабылдайды
Павлодарлық команда турнир кестесінің соңғы орнында келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
13-тур ойындарымен футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші айналымы аяқталады. Вахид Масудов командасы шымкенттік «Ордабасын» қабылдайды. Оңтүстіктіктер турнир кестесінің екінші орнында келеді.
Команданың биылғы аяқалысы жаман емес. «Ордабасы» 26 гол соғып, бұл көрсеткіш бойынша көш бастап келеді. Шымкенттіктердің қорғанысы да осал емес – «Ордабасы» қақпасына небары 10 доп енген. Бұл жөнінен олар тек «Қызылжарға» ғана жол беріп тұр. Көріп тұрғаныңыздай, шымкенттіктер барлық жағынан да мықты. Қақпадағы орын үшін ұлттық құрама голкиперлері Бекхан Шайзада мен Мұхаммеджан Сейсен таласуда.
Қорғанысты Сергей Малый мен Темірлан Ерланов мықтайды. Павлодарлықтарға жақсы таныс Ғафуржан Сүйімбаев пен Ауро шабуылды қолдауға қашанда әзір. Орталық шепте Асхат Тағыберген мен Бернардо Матич ойын жүргізеді. Шымкенттіктер капитаны биыл жарап тұр: Асхат Тағыберген чемпионаттың өзінде алты гол соғып үлгерді. Оның орындауындағы әрбір айып соққысы қарсылас қақпашыларының үрейін туғызады. «Ақсу» қорғаушылары Шахбоз Умаров, Бобыр Әбдіхоликов пен Всеволод Садовскийді тоқтату үшін біраз тер төгетін болды.
«Ақсу» турнир кестесінің соңғы орнында келеді, командаға ұпай ауадай қажет. Вахит Масудов командаға тың серпіліс беруге тырысуда. Павлодарлықтар оңтүстіктен келген меймандарды қалай қабылдайды – оны сенбіде көреміз.
«Ақсу» және «Ордабасы» арасындағы футбол матчы 24 маусымда Орталық стадионда сағат 21:00-де басталады. Одан бір сағат бұрын 20:00-де Мөлдір Есембек – Say Mo ән айтады.
Үзіліс кезінде түрлі конкурстар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Фото: «Ақсу» ФК