«Екібастұз» қақпашысы командасын «қасқырлардан» қорғап қалды

«Екібастұз» қақпашысы командасын «қасқырлардан» қорғап қалды
Фото: «Екібастұз» ФК

Оның командасы сырт алаңда бір ұпайды еншіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Екібастұз» Бірінші лиганың кезекті ойынын Қызылордада жергілікті «Қайсар» жастарымен өткізді. Виталий Спарышев пен Валерий Белгібаевтің шәкірттері матч тізгінін қолда ұстады. Ұрымтал сәттерді Мирас Тұрлыбек, Тамерлан Ағыманов және басқа да кеншілер пайдалана алмады.

Алаң қожайындары қарымта шабуылдарға иек артты. Солардың бірінде «Қайсар Ж» ойыншысы айып соққысын орындау кезінде гол соға жаздады. Абырой болғанда «Екібастұз» қақпашысы дәл торға ұшып бара жатқан допты асқан шеберлікпен қақшып алды. Осылайша кеншілер голкипері өз командасын голдан аман алып қалды.

Нәтижесінде 0:0, екібастұздықтар үшінші орында келеді.  Келесі кездесуді «Екібастұз» өз алаңында өткізеді. 25 сәуірде кеншілер «Ақтөбе» жастарына қарсы ойнайды.