Ертіс ауданында мас мотоцикл жүргізушісі қамауға алынды
Бұған қоса оның жүргізуші куәлігі болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, Ертіс ауданының ауылдарының бірінде патрульдеу кезінде мотоциклші тоқтатылды. «SUUZI HB 200» маркалы мотоциклді басқарған 43 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлерінің күдігін туғызған. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізуші ауыр дәрежедегі мас күйде болғаны расталды. Сондай-ақ, жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды.
– Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотта қаралды. Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деді Ертіс ауданының полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков.
Мотоцикл арнайы айып тұрағына қойылды. Павлодар өңірінде құқық қорғау органдары мас күйінде көлік жүргізудің 833 фактісін тіркеді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерден жол ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.