Ақсуда ауыл тұрғындары жанып жатқан үйден екі қарт адамды алып шықты

Олар зардап шеккендерді өз көлігімен ауруханаға жеткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 наурыз күні сағат 22:04-де Евгеньевка ауылында Сергей Дубинин мен Аркадий Серков жеке үйдің шатырының өртеніп жатқанын байқаған. Олар шұғыл қызметтерге қоңырау шалып, зардап шеккендерге көмектескен.
– Олар жанып жатқан үйге кіріп, егде жастағы үй иелерін – 1956 жылғы әйел адам мен 1955 жылы туған ер адамды құтқарды, – деді департаментте.
Ал ауыл тұрғыны Артем Стоцкий өз көлігімен зардап шеккендерді ауруханаға жеткізген. Олар өрттің салдарынан қатты күйік алып, Ақсу қаласындағы ауруханаға жатқызылды.
Оқиға орнынан көлемі 50 литрлік екі газ баллоны шығарылған. Тілсіз жау сағат 00:33-те жалпы ауданы 100 шаршы метр алаңында толықтай жойылды.