Павлодарлық полицейлер қызды ажалдан арашалап қалды

Павлодарлық полицейлер қызды ажалдан арашалап қалды
ЖИ иллюстрациясы

Жігіттердің батыл әрекеті қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы полиция басқармасының оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Азамат Әкімжанов пен Алмаз Сағадатов қайғылы жағдайдың алдын алды.

15-ші патрулдік полиция пунктінің учаскелік инспекторлары тоғызыншы қабаттағы балконда қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен.

Полиция қызметкерлері келген кезде қыз балкон қоршауының сыртында, бір аяғымен ғана конструкцияға сүйеніп тұрған. Кез келген абайсыз қозғалыс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді.

Жағдайды бағалаған учаскелік инспектор Азамат Әкімжанов дереу батыл әрекет етіп, қызды ұстап үлгерді. Әріптесімен бірге олар қызды қауіпсіз жерге шығарды.

Кейін қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір ол мамандардың бақылауында және қажетті көмек алып жатыр.

Полицейлердің кәсібилігі, сабырлылығы мен батылдығы санаулы секундтар ішінде адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.

Полиция өкілдері азаматтарды қауіпті жағдайға тап болған адамды байқаса, дереу 112 сияқты жедел қызметтерге хабарлауға шақырды. Мұндай сәтте әр секундтың маңызы зор.