Ақсуда бес шетелдік заңсыз жұмыс істеген

Ақсуда бес шетелдік заңсыз жұмыс істеген
Иллюстрация: жасанды интеллект

Жыл басынан бері шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жүзден астам жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, көші-қон қызметінің мамандары Ақсу қаласындағы нысандардың бірінде уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген бес шетелдік азаматты анықтады.

Шетелдіктер құрылыс жұмыстарымен айналысқан. Оларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешімімен бес азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 15-тен 25 АЕК-ке (64 875 теңгеден 108 125 теңгеге) дейін айыппұл салынды.

Қазақстан заңнамасын бұза отырып шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын тартқан жұмыс берушіге де 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменконың айтуынша, жыл басынан бері осындай құқық бұзушылыққа жол берген 104 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.