Ақсуда кәмелетке толмағандар ұсталды

Ақсуда кәмелетке толмағандар ұсталды
Фото: Константин Шелков

Тәртіп сақшылары күн сайын қала көшелерінде рейд жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, кешкі сағат 23:00-ден кейін көшеде және кешкі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың ата-аналары да полиция бөлімдеріне шақырылады.

– Түнгі сағат бірде Ақсу қаласының Астана көшесіндегі үйдің ауласында тәртіп сақшылары кешігіп келе жатқан кәмелетке толмаған қызды кездестірді. 17 жастағы қызын полициядан алуға келген анасы профилактикалық әңгімеден кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ақсу қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Айдын Жүнісов.

Сол түні полиция қаладағы саябақта төрт жасөспірімді ұстады. Жасөспірімдердің айтуынша, олар «жай ғана қыдырып жүрген».

Жыл басынан бері Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 1443 заңды өкілі, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 55 мекеме иесі жазаланды.