Павлодарда ауыл әкімдері Жолдауды іске асырудың нақты қадамдарын талқылады

Іс-шараға Президенттің кеңесшісі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарға президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын өңірлік деңгейде іске асыру мәселелері қаралды. «Достық үйінде» өткен кездесуге облыс, қала және аудан, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Облыс әкімі Асайын Байханов Жолдауда айқындалған негізгі бағыттардың аймақтың дамуына зор әсер ететінін атап өтті.
– Біз Жолдауды өңірлік деңгейде іске асыру мәселелерін талқылау мақсатында жиналдық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда ауқымды цифрлық жаңғырту, ұлттық өнімнің экспортын ұлғайту, энергетика саласын жаңарту және халықтың өмір сапасын жақсарту үшін инвестиция тарту бағыттарын айқындады, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында ауыл әкімдері Жолдау аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Баянауыл ауданындағы Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжалин Президент Жолдауы ауылдарға нақты серпін бергенін атап өтті.
– Қазіргі кезең – жаңа технологиялар дәуірі. Президентіміз атап өткендей, Қазақстан цифрлық трансформация және жасанды интеллект арқылы тиімді қоғам құруға бағытталды. Біз ауылдық округ деңгейінде инфрақұрылымды жақсарту, ауыл шаруашылығын цифрландыру, жастарға қолдау көрсету сияқты міндеттерді жүзеге асырып келеміз, – деді ол.
Жаңажол ауылдық округінің орталығы – Мәшһүр Жүсіп ауылы бүгінде барлық әлеуметтік нысандармен қамтылған.
– Жол мәселесі бойынша екі жарым шақырым жол жөнделіп, көше жарықтары орнатылды. Мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункт және мұражай жұмыс істейді. Ауыл толықтай таза ауызсумен және интернетпен қамтамасыз етілген, – деді Жаңажол ауылдық округінің әкімі.
Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануда. Елді мекенде қауіпсіздік шаралары мен инфрақұрылым жұмыстары нығая түсті. Бүгінде ауыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Үлгілі ауыл» атты байқаудың аймақтық кезеңінің жүлдегері атанды.
Кейін сөз кезегі Павлодар ауылының әкіміне берілді.
– Екі мыңнан астам ауыл тұрғыны көкөніс өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Қазір ауыл көшелерінің 76,8 пайызы асфальтталған, тоғыз жаңа аялдама орнатылды, екі жаңа балалар алаңы салынды. Ауылда жиырма бейнекамера жұмыс істейді, ескі шамдар заманауи шамдарға ауыстырылды, – деді ауыл әкімі Аманбек Ұнат.
Оның сөзінше, ауыл тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы мәселелерін жеткізеді, ал әкімдік сол жерде жедел шешім қабылдайды.
Кездесуде сөз алған Президент кеңесшісі өңірдің ел дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
– Мен жалпы Жолдау бойынша пікір алмасу мақсатында келіп тұрған бұл – алғашқы өңір. Павлодар облысы – Қазақстанның ең маңызды аймақтарының бірі. Ертіс-Баян өңірі тек экономикалық емес, рухани тұрғыда да ерекше. Соңғы үш жылда аймақ 58,4 миллиард теңге инвестиция тартқан, – деді ол.
Кеңесшінің айтуынша, еліміз бүгінде цифрлық технологияларды дамытып, жасанды интеллектіні белсенді енгізіп отырған әлемдегі алғашқы жиырма мемлекеттің қатарына енген.
– Бұл – Президентіміз атап өткендей, экономиканы серпілтіп, қоғамның санасын жаңғыртатын маңызды қадам, – деді ол.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы барлық аудан мен ауыл әкімдеріне Жолдауда жүктелген міндеттерді нақты орындап, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүйелі жүзеге асыруды тапсырды.