Екібастұзда нөмірсіз жүрген жүргізушілер жауапкершілікке тартылды
Көлік мамандандырылған тұраққа қойылды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жазғы маусымның басынан бастап Екібастұз қаласында 20 мотоцикл жүргізушісі түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 16 мотоцикл арнайы айып тұрағына қойылды. Осылайша, көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін төрт жүргізуші, құжаттары мен тиісті санаты жоқ 11 жүргізуші жазаланды.
– Сағат 16:50 шамасында Бауыржан Момышұлы - Мұхтар Әуезов көшелерінің қиылысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз GSX маркалы мотоциклді басқарған жүргізуші тоқтатылды. Осы бұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік қызметі ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Айта кету керек, құқық қорғау органдары жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.