Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік елден мәжбүрлі түрде шығарылды
Жалпы облыста мигранттарға қатысты 150-ге жуық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақта көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу үшін 11 наурыздан бастап "Мигрант"жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде.
Полиция шетелдіктердің тұратын жерлерін, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдарды және шетелдіктердің жалдамалы еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерді тексеруді жалғастыруда.
- Операцияның екі күнінде 145 көші-қон заңнамасының бұзылуы анықталды. 10 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар, полицияға шетелдіктердің келгені туралы уақтылы хабардар етпегені үшін 44 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылса, көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 7 сот шешімі шығарылды. Нәтижесінде бір шетелдік мәжбүрлі түрде елден шығарылды,- деді облыстық ПД көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары бұзушылықтардың едәуір бөлігі шетелдіктерді рұқсат құжаттарын алмай жұмысқа тартумен байланысты екенін атап өтті.
- Мысалы, Павлодар ауданында Ольгин ауылының шаруа қожалығында Өзбекстан Республикасының азаматтарын еңбек шартын ресімдемей құрылысшы ретінде заңсыз жұмысқа қабылдау фактісі анықталды. Аталған азаматтар жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жұмыс беруші де жазаланды, - делінген хабарламада.
Ал Ертіс ауданының Ұзынсу ауылының аумағында заңды негізсіз тұратын 50 жастағы әйел анықталды. Дәл осы ауданда көрші мемлекеттің азаматы жұмысқа орналасуға рұқсаты жоқ бола тұра дүкенге сатушы болып орналасқаны анықталды.
Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Сот шешімімен әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Көші-қон заңнамасының бұзылуының алдын алу және анықтау жұмыстары әлі де жалғасуда.