Ақтоғайлық оқушы республикалық кино фестивалінде жеңімпаз атанды
Жұмажан Назерке Ақтоғай балалар өнер мектебі вокал сыныбының тәрбиеленушісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай балалар өнер мектебі басшысының орынбасары Аңсаған Хусаинның айтуынша, «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестиваліне облыстық, қалалық кезеңдердің 150 жеңімпазы қатысты. Олардың барлығы – жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының білім алушылары.
Фестивальдің мақсаты – үздік классикалық және заманауи өнер үлгілерін игеру және орындау, дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау арқылы білім алушылардың тұлғалық рухани мәдениетін қалыптастыру. Байқауды Қазақстан Республиликасы Оқу-ағарту минстрлігінің тапсырысымен республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы қазан айында ұйымдастырды.
– Назерке «Қазағым-ай» әніне түсірген бейнебаянымен аталмыш байқаудың облыстық кезеңіне үстіміздегі жылдың сәуір айында қатысып, жеңімпаз атанған. Республикалық кезеңге облыс атынан қатысқан Назерке бүгінде өз жеңісімен қуантуда. Жас талант бүгінгі таңда Қараоба орта мектебінде 10-сыныпта оқиды. Жетекшісі – Ақтоғай балалар өнер мектебі вокал сыныбының педагогы Сәуле Қамзина, – дейді Аңсаған Хусаин.
Оның айтуынша, жас өрен аудан орталығында орналасқан Ақтоғай балалар өнер мектебінің вокал сыныбында үшінші жыл тәлім алуда. Назеркенің ауылы аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Дегенмен ол аудан орталығына вокал сыныбына сабаққа қатысып, талантын шыңдауда.
– Ата-анасы аптасында екі рет вокалға әкеліп, Назеркенің дамуына айрықша көңіл бөледі. Байқауға ұсынылған клипті түсіруге қаржылай көмекті ата-анасы көрсетіп, нурыз айында Павлодар қаласында түсірілген болатын. Баланың болашағы үшін бар жағдай жасап отырған отбасына алғысымыз зор, – дейді А.Хусаин.
Фестиваль қатысушыларына әртүрлі бағыттағы алғашқы кинороликтердің авторлары ретінде өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берілді. Ұсынылған 150 жұмыстың 111-і – қазақ тілінде, 39-ы – орыс тілінде. Қазылар алқасының назарына ұсынылған жұмыстардың тақырыптары әртүрлі: «Болашағың өз қолыңда!», «Буллинг мектеп өмірінде», «Мейірімділік – жүректен, қайырымдылық – білектен», «Менің болашақ мамандығым», «Зорлықсыз өмір!» және т.б.
Назерке Жұмажан «Музыкалық клип» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, экшн-камераға ие болды.