Жапонияда толығымен роботтар басқаратын медициналық зертхана іске қосылды
Жапонияда зерттеу процестерінің барлығын роботтар атқаратын әлемдегі алғашқы медициналық зертхана ашылды, деп хабарлайды Kazinform БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Зертхананың «қызметкерлері» қатарында 10 робот бар. Олардың арасында адам бейнесіндегі Maholo лабдроиды да бар. Ол екі қолмен жабдықталған және реагенттерді дәл мөлшерлеу, температуралық бақылауды қажет ететін құрылғылармен жұмыс істеу секілді күрделі зертханалық операцияларды орындай алады.
Роботтар жасушаларды өсіру жұмыстарын да атқарады. Бұл қолмен араласу қажеттілігін едәуір азайтады. Болашақта жобаны кеңейту жоспарланып отыр – 2040 жылға қарай роботтар саны 2 мыңға дейін артуы мүмкін.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, роботтандырылған жүйелерді енгізу зерттеу нәтижелеріне адам факторының әсерін азайтып, зертханалардағы маман тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.