Тереңкөл ауданында ауыл құтқарушылары өртті негізгі күштер келгенше ауыздықтады
Жыл басынан бері еріктілер мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен бірлесіп 40 өртті сөндіруге қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға Байқоныс ауылында орын алды. Ең жақын өрт сөндіру бөлімінен шақырту орнына дейінгі қашықтық 26 шақырымды құрады. Оқиға орнына алғаш болып «Ауыл құтқарушылары» қызметкерлері жетіп, негізгі күштер келгенге дейін жеке тұрғын үйдегі өрттің таралуына жол бермей, оны оқшаулап үлгерді. Олардың жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт шағын аумақта толықтай сөндірілді.
– Бұл мысал «Ауыл құтқарушыларының» шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын айқын көрсетеді. Әрбір минут шешуші рөл атқаратын жағдайда олардың жұмысы ауылдық аумақтардың қорғалу деңгейін арттырып, өрттер мен өзге де төтенше жағдайлардың ауыр салдарын дер кезінде болдырмауға мүмкіндік береді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз орталығы.
Министрлікте атап өткендей, өңір бойынша жеті «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Олар жалпы саны 15 мыңнан асатын халқы бар 23 ауылдық елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Бөлімшелердің иелігінде жеті бірлік өрт сөндіру техникасы бар. Бекеттерде жергілікті тұрғындар қатарынан құралған 21 ерікті қызмет атқарады. Барлық қызметкерлер арнайы дайындықтан тұрақты түрде өтеді, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге әрдайым дайын. Көп жағдайда оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді.