Павлодар облысында сапасыз теледидар сатқан кәсіпкерге айыппұл салынды

Павлодар облысында сапасыз теледидар сатқан кәсіпкерге айыппұл салынды
Фото: жасанды интеллект

Тұрғын істен шыққан теледидар үшін ақшасын тек уәкілетті органның араласуынан кейін қайтара алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұтынушы құны 200 мың теңге болатын теледидарды 12 айлық кепілдікпен сатып алған. Алайда пайдалану барысында құрылғыда ақау пайда болып, сурет қатып қалып, «артқа» батырмасын басқан кезде экрандағы бейне бұрмаланған.

Сатып алушы дүкенге сапасыз тауар үшін ақшаны қайтару туралы ресми талап жолдаған. Шағым кепілдік мерзімі ішінде берілгеніне қарамастан, сатушы қаражатты қайтарудан бас тартқан.

Осыдан кейін азамат облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент мамандары тұрмыстық техника сатумен айналысатын ірі кәсіпкерлік субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында сатушының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, дүкен сатып алушының заңды талабын орындамаған және ақшаны қайтарудан бұрын тауарға тиісті сараптама ұйымдастырмаған.

– Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленсе, сатушы кемшіліктердің сатып алушының әрекетінен немесе өзге де сыртқы факторлардан туындағанын дәлелдей алмаса, тұтынушының талабын қанағаттандыруға міндетті, – деп түсіндірді департаментте.

Белгілі болғандай, кәсіпкер бұған дейін де осындай заңбұзушылыққа жол берген. Осыған байланысты бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге заңбұзушылықтарды жою және қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы нұсқама берілді.

Департаменттің араласуынан кейін дүкен тұтынушыға теледидардың толық құнын – 200 мың теңгені қайтарып берді.

Мамандар сапасыз тауар анықталған жағдайда тұтынушы тауарды айырбастауды, ақауды жоюды немесе ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы екенін еске салды.