Аққулы ауданында апаттық жағдайдағы мектепке жөндеу жүргізіледі
80 орынға арналған ғимарат 1972 жылы салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде Тілектес ауылының тұрғындары қоғам белсендісімен бірге Тілектес жалпы орта білім беру мектебінің жағдайына қатысты алаңдаушылық білдіріп, видеоүндеу жариялаған. Олар балалардың қауіпсіздігі үшін жаңа мектеп салуды сұраған.
Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Аққулы ауданы білім беру бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов 2022 жылғы 20 маусымда мектеп ғимаратына техникалық тексеру жүргізілгенін хабарлады.
– Техникалық тексеру нәтижелері бойынша зерттелген объектілердің конструкциялары жарамды екендігі анықталды. Зерттелген объектілерді пайдаланудың сенімділігін қамтамасыз ету үшін күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізу талап етіледі, – дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылы мектепті күрделі жөндеуге 150 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ретінде «Namys Stroy» ЖШС анықталды. Күрделі жөндеу жүргізу кезінде қасбетті әрлеу, терезе және есік блоктарын, шатырды, еденді, электр сымдарын, жылыту жүйесін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстары, абаттандыру және аумақты қоршау көзделген.
– Жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталады. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысына сәйкес жөндеу жұмыстарының мерзімі үш айға созылады, – дейді Ерсін Еркенов.
Айта кетейік, бір қабатты, типтік емес ғимараттың ауданы 447,4 шаршы метрді құрайды. Оқушылар контингенті – 51, оның ішінде мектепалды сыныпта – бес оқушы, 1-4-сыныптарда – 13, 5-9-сыныптарда – 26, 10-11-сыныптарда оқушы саны – 7. Мектепте сегіз оқу кабинеті бар, спорт зал мен мәжіліс залы жоқ. Оқыту екі ауысымда жүргізіледі.