Павлодар облысының прокуратурасы балалар құқығын басты назарға алды

Павлодар облысының прокуратурасы балалар құқығын басты назарға алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі мектеп асханаларының мәзірі жаңартылып, үйден оқитын балалар мамандармен қамтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 

Қадағалау қызметі барысында облыста 63 мыңнан астам оқушы білім алатын оқу орындарында тамақтануды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде перспективалық мәзір санитарлық талаптарға сәйкестендіріліп, ет және жеміс-жидек өнімдерін қосу арқылы кеңейтілді. Балаларға ұсынылатын тағамдардың сапасына күнделікті бақылау күшейтілді, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, үйде білім алатын 545 баланың логопедтер мен дефектологтер сияқты бейінді мамандардың жетіспеушілігіне тап болғаны анықталды. Бос орындар толтырылғаннан кейін балалар қажетті оқыту көмегіне қол жеткізді.

Облыс орталығы мектептерінің директорларымен өткен кездесуде құқықбұзушылықтардың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 

– Жиын барысында бірқатар білім беру ұйымдарының басшылары бір орында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқаны аталып өтті. Заңнамаға сәйкес, бұл мерзім жеті жылдан асқан жағдайда ротация жүргізілуі тиіс. Осыған орай, жұмыстың тиімділігін арттыру және жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында басшылық құрамды ротациялау және жаңарту туралы шешім қабылданды, – деді ведомствода.

Мамандардың айтуынша, өмірлік қиын жағдайда және «тәуекел» аймағында жүрген балаларды анықтау жұмыстары да өз жалғасын табуда. 

– Құқықбұзушылықтардың алдын алу айлығының қорытындысы бойынша уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл нәтижесінде бұрын есепте тұрмаған 23 қолайсыз отбасы және өгей әке тарапынан баланы қинау фактісі анықталды. Тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіліп, бірқатар профилактикалық шаралар қабылданды, – деді прокуратурада.

Қазіргі уақытта баланы қинау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.