Аққулы ауданында ардагердің ұрпақтары саяжай салды
Ұлы Отан соғысының ардагері Жылқыбай Тәукебайдың ұрпақтары жеке қаражаты есебінен Аққулы ауданының Малыбай ауылдық округінде саябақ тұрғызды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы әкімдігінің мәліметінше, Малыбай ауылының тумалары «Туған жерге бір пайдалы іс» челленджін бастап, ауыл тұрғындары үшін демалатын орын құруға ниет білдірген.
– Бұл саябақты ардагердің ұрпақтары Жылқыбай Тәукебайдың 100 жылдығына орай ашқан болатын. Саяжайдың жалпы аумағы – 80 шаршы метрден астам. Бұл саябақты салу үшін ардагердің ұрпақтары 2,5 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсаған, – дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.
Демалыс орнына орындықтар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылған. Ішкі аумағы безендіріліп, 20 түп шырша отырғызылған, Баянауылдан тастар әкеліп қойылған. Алдағы уақытта жарықтандыру мәселесі қарастырылмақ.
Жылқыбай Тәукебай 1923 жылғы 9 мамырда Шарбақты ауданының Галкин ауылында туған. Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Соғыс басталғанға дейін 1939 жылдан 1942 жылғы маусымға дейін Павлодар ауданының Карл Маркс атындағы колхоздың бас есепшісі болып жұмыс істеді. 1942 жылғы 19 маусымда Аққулы аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен майданға аттанып, 1945 жылғы қазан айында әскерден қайтып келген. 3-ші Украин майданының № 66 автополкінің сержанты ретінде 1944 жылғы қыркүйек айынан 1945 жылғы тамыз айына дейін Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия және Австрия аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқан. 1945 жылғы 6 қазанда Кишинев қаласынан әскерден оралды.
Соғыстан келген соң есеп-бухгалтерлік мектебінде курстар бітіріп, Шоқтал, Тақыр, Тереңкөл, Қазантай, Малыбай ауылдарында есепші экономист болып жұмыс істеген.
Шарбану (Темешева) Тәукебаймен отбасын құрып, үш ұл (Қабылбек, Ақылбек, Қазбек) және алты қыз (Жаухар, Гүлнар, Ботагөз, Қорлықайың, Меңдіқайың, Шынар) сүйген. Олардан 15 немере, 12 шөбере, 4 шөпшек көрген. Бүгінгі таңда ардагердің балалары Алматы облысында тұрады. Үлкен ұлы Ақылбек құрылыс компаниясында жұмыс жасаса, кішісі Қазыбек техникалық қадағалау компаниясында қызметін атқаруда. Қыздары медицина және мәдениет салаларында еңбек етеді.