Аққулы ауданында екі медициналық пункт салынуда
Оның бірі тамыз айында қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Руслан Мұқанов Төсағаш, Жабағылы, Шақа және Қазы ауылдарына іс-сапармен барып, елді мекендердегі құрылыс жұмыстарын бақылады.
– Жабағылы ауылындағы медициналық пунктің құрылысы мерзіміне сәйкес жүргізілуде. Жаңа нысан халық игілігіне тамыз айында берілмек. Шақа ауылында да медициналық пункт салынуда. Қазіргі уақытта нысанның шатырын жабу жұмысы қолға алынған. Бұдан кейін әрлеу жұмыстары басталады, – дейді Аққулы ауданының әкімдігінде.
Биыл конкурстық шаралардың қорытындысы бойынша Қазы, Тілектес, Тақыр, Қазантай ауылдарында салынатын медициналық пунк құрылысына «Батыс Монтаж Сервис» ЖШС жауапты. Бүгінде елді мекендерде құрылыс орыны белгіленген. Аудан әкімі жағдайды бақылауда ұстайтынын айтып, ауыл әкімдеріне тапсырма берді.
Сондай-ақ Төсағаш ауылындағы балалар алаңының құрылысы көңіл көншітпейді. Бір ай бұрын мердігермен ескертулерді түзету бойынша келіссөз жүргізілген. Алайда, жұмыс толық орындалмағандықтан, «Barys» ЖШС-мен жұмыс шарты сот арқылы бұзылды. Бұл ретте ауылдық округ әкіміне тиісті тапсырма берілген.