Аққулы ауданының әкімі асығы алшысынан түскен Мерей қызды мерекесімен құттықтады
Мерей Сүлеймен жуырда "Бес асық" ойынынан Түркияда өткен додадан күміс жүлдемен оралған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық аналар күніне орай Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаев "Бес асық" ойынынан Еуразия кубогы чемпионатының күміс жүлдегері Мерей Сүлеймен мен анасы Рымгүл Жұмағазықызын қабылдап, сый көрсетті.
Кездесуде аудан әкімі ұлттық ойынды әлемдік деңгейде насихаттап жүрген арумен тілдесіп, асық ойынына деген қызығушылығын білдірді.
- Ел мерейін үстем еткен Мерей қызымыз туралы ақпан айында естідік. Біздің чемпионымызбен мереке алдында кездесудің сәті бүгін түсіпті, - деді Абзал Балғабаев.
Мерейдің асыққа деген қызығушылығы, соның ішінде бес асықпен айналыса бастағанына небары 1 жыл ғана болған. Осы аралықта ол бірқатар додаларға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білген. Айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында "Спорт шеберлігіне үміткер" атағын алса, Түрік еліндегі жеңісінен кейін Мерей " Спорт шебері" атанған.
- "Бес асық" ойынында екі ойыншыға 15 минут уақыт беріледі. Осы аралықта 150 ұпай жинап үлгеру керек. Кім бірінші жинайды сол жеңімпаз атанады. Еуразия кубогы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, асық ойыны енді ғана қарқын алып, дамып келе жатыр, - деді ол.
Аудан әкімімен болған кездесуде Мерей алдағы жоспарымен бөлісті. Жақын күндері Шымкент қаласында қтетін республикалық асық ойынында бақ сынаса, одан кейін Баянауыл ауданында өтетін дода бар. Жалпы, "Бес асық" бойынша жарыстардың барлығы осы айда басталған.
Мерей мен анасына аудан әкімі гүл шоқтары мен бағалы сыйлығын табыс етіп, асықты алақанында үйіретін күміс қызға алдағы додаларда сәттілік тіледі.