Павлодарлық оқушы Браун университетіне грант ұтып алды

Павлодарлық оқушы Браун университетіне грант ұтып алды
Фото: НЗМ баспасөз қызметі

Бұл оқу орнында білім алу жылына 96 000 долларды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше,  12В сынып оқушысы Аида Абкенова робототехника және бағдарламалаумен айналысады. Соңғы екі жылда аутизм және мигрень тақырыбын белсенді зерттеп келеді.  Жетекшілері  –  Қуаныш Мағауин мен Айнагүл Ермековамен жұмыс істеу нәтижесінде 7-сыныптан бастап робототехникаға қызығушылық таныта бастаған. Содан бері веб-сайттарды, мобильді қосымша мен жасанды интеллектті бағдарламалап келеді. 

Браун университеті жыл сайын бүкіл әлем бойынша талапкерлердің тек 6% ғана қабылдайды. 

– АҚШ-қа оқуға түсу процесі көп деңгейлі және жақсы бағалар жеткіліксіз. Өтінімді қарастыру үшін SAT (математика және оқу), ағылшын тілін растау үшін IELTS емтихандарын тапсырып, олимпиадалар мен жобалар бойынша жетістіктерге жету қажет және бойындағы қабілеттерді ашатын эссе жазу керек.  Бағалардың орташа баллы 5-тен 4.9, SAT 1530, IELTS 8.0, – дейді Аида Абкенова.

Ол мұндай оқытудың құндылығы биология және экономика, инженерия және химия сияқты әртүрлі пәндерді біріктіруде және басты ерекшелігі  өз оқу жоспарын құру және тәуелсіз зерттеулер жүргізу мүмкіндігінде екенін айтады.  

– Нәтижелерді күту кезінде қатты толқыдым. Себебі, үш түнге созылды. Мұхиттың арғы жағында бір топ адам тағдырымды шешетінін біле тұра ұйықтау қиын болды. Құттықтау хатын ашқан кезде ұзақ уақыт бойы сене алмадым. Тіпті, бұл ұйықтамағаннан және күйзелістен  галлюцинация сияқты көрінді, – дейді Аида.

Жас өрен 2022 жылы сыныптасы Сайлауқан Шахназармен бірге Германияның Дортмунд қаласында өткен World Robot Olympiad халықаралық байқауында «Инсульттан кейін оңалту жүйесі» жобасымен Қазақстанды таныстырған. Сонымен қатар, республикалық «Дарын» ғылыми жобалар байқауының екі дүркін жеңімпазы болып табылады. 

Тағы үш күннен кейін оқу, тұру, тамақтану, ұшу және медициналық сақтандыруды қамтитын толық қаржылық көмек туралы хат келді. Бұл жылына 96 000 долларды құрайды және оны менің отбасыма төлеуге тура келмейді. Әлбетте, бұл – бәріне беріле бермейтін бақ.  Ал мен өзімді шынымен қызықтыратын нәрсемен  айналыса аламын, – дейді ол.

Пенсильвания университетінің PhD студентімен «Мелатонин мен мигрень ауруының байланысы» тақырыбында зерттеулер жазады. Бос уақытында суретке түсіргенді ұнатады.