Павлодарда тәрбиешіден зәбір көрген балаларға психологиялық көмек ұсынылды

Павлодарда тәрбиешіден зәбір көрген балаларға психологиялық көмек ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үш жастағы бүлдіршіндер әлі сөйлей алмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

№116 балабақша топтарының бірінде бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде тәрбиешінің балаларға қатысты қатыгездік таныту фактілері анықталды. Жантүршігерлік жағдайдың анық-қанығын білу үшін Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева ата-аналармен кездесті.

– 2022 жылы туған балалардың басым бөлігі жасына байланысты әлі сөйлемейді. Аналардың бірі маған WhatsApp арқылы жүгінді. Балабақшаға келгеннен кейін мен зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездестім. 15-тен астам адаммен сөйлесіп, бейнежазбаларды көрдім. Менің көзімше полиция қызметкерлері барлық бейнематериалдарды зерделеу үшін ресиверді шығарып алды, – деді Сәуле Шәкенева.

Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің сөзінше, ата-аналар Оңтүстік полиция бөліміне барып, өтініш жазып, түсіндірмелер берді. Балаларға СМЭ тағайындалды. 

– Барлық ата-ана мен балаларға психологиялық қолдау орталығынан тегін психологиялық көмек ұсынылды, – деп атап өтті Сәуле Шәкенева.

Бұл ретте облыстық білім беру басқармасы да балаларды ұрып-соғу фактісі бойынша түсінік берді. 

– Павлодар қаласының №116 бөбекжай-бақшасының кіші тобының тәрбиеленушілеріне қол жұмсау, дөрекі қарау фактілері тәрбиеші тарапынан бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталды. Білім бөлімі қызметтік талқылау жүргізеді, оның қорытындысы бойынша басшы мен тәрбиешіге қатысты қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады, – деді басқармада.

Еске сала кетейік, №116 балабақша тәрбиешісі балалардың шашынан жұлқылап, бетінен шапалақпен ұрып, итеріп, денесінен ұрып-соғып, киімдерін дөрекілікпен ауыстырып жатқан сәттері камераға түсіп, әлеуметтік желіде жария етілді. Жағдайды облыстық полиция департаменті тергеп жатыр.