Аққулыда автономды резервтік электр генераторы орнатылады
Асайын Байханов электр желілерінде орын алған ақаулардың салдарынан бірінші көтергіш сорғы жұмысында мәселелер туындаған Аққулы ауданына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Соңғы төрт күн бойы ауылдағы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі толыққанды жұмыс істемеді. Осы күндері «АққуСервис» ШЖҚ КМК мамандары сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтірумен айналысты. Қазіргі уақытта барлық 5 ұңғыма іске қосылды, резервуарлар толтырылуда, алайда, бұл суды тұтыну көлемінің ұлғаюына байланысты біршама уақытты қажет етеді.
– Менің тапсырмам бойынша ауылға су тасымалдауды ұйымдастыру үшін қосымша техника келді. Болашақта мұндай жағдайдың қайталануын болдырмау үшін, біріншіден, жедел түрде алдағы үш күн ішінде автономды резервтік электр генераторын орнатуды тапсырдым,– деп жазды облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында.
Судың шығу мөлшерін арттыру үшін бірнеше қосымша ұңғыма бұрғылау туралы шешім қабылданды. Бүгін мамандар осы жұмыстарға кіріседі.
Сондай-ақ, Аққулы ауылын сумен жабдықтау мәселесін кешенді шешу үшін келесі жылы Ертіс өзенінен су құбырының жаңа тармағы салынады. Асайын Байханов бұл бойынша аудан басшылығына және бейінді басқармаларға тиісті тапсырмалар берді.