Павлодардағы Назарбаев мектебінде облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Павлодардағы Назарбаев мектебінде облыстық пікірсайыс турнирі өтті
Фото: Константин Шелков

Бұл турнирде 20-ға жуық команда өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турнирді Respublica партиясы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және Ozgerteam қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Жас ұландардың жарысына 20-ға жуық топ қатысты. Оқушылар қазақ және орыс лигасында өнерлерін көрсетті.

Дебат тақырыбы: «Әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан». Шәкірттер осы тақырып төңірегінде интелектуалдық және ораторлық қабілеттерін көрсетті.

– Жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші, еліміздің болашағы. Сондықтан, сіздерге өзара тәжірибе және пікір алмасу үшін, бүгінгі қоғамдағы өткір мәселелерді зерттеп, олардың шешу жолдары бойынша тың идеяларды ортаға салу үшін диалогтық алаң ұйымдастырып отырмыз. Партия жақсы ұсыныстарды назарға алады, – дейді облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелді. 

Қазақ лигасында үшінші орын «НЗМ Жігер» командасына бұйырса, екінші орынға Екібастұз қаласының №22 мектеп гимназиясынан келген «Eternity» ие болды. Ал бірінші орынды Екібастұз қаласының №36 лицейінің оқушыларынан құрылған «Жарық жұлдыз» тобы жеңіп алды.  

Орысша өткен дебаттық сайыста «Голос разума» командасы үшінші орын, «Тенгри» командасы екінші орын, «Birlik» командасы бірінші орынға ие болды. 

Аймақтық турнир жеңімпаздары 25 қазан – Республика күніне орай, Астанада өтетін тұңғыш Ұлттық пікірсайыс турниріне қатысады. Республикалық турнир жеңімпазын 1 миллион теңгелік сыйлық күтуде.