«Бақытты отбасы» ақшасына қол сұғылған іс: Павлодар соты шешім шығарды

Жеке сот орындаушысының салымның мақсатын тексермей, кепіл ұстаушы мен тең қарыз алушының құқықтарын елемегені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жеке сот орындаушысының (ЖСО) заңсыз әрекеттеріне қатысты істі қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, қаулы заңды күшіне енді.
Сот алқасы ЖСО талап қоюшының «Отбасы банкі» АҚ-дағы шоттарына тыйым салып, қаражатты өндіріп алғанын анықтады. Алайда даулы ақша көп балалы ананың «Бақытты отбасы» мемлекеттік жобасы аясында жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтары болып шықты. Бұл қаржы банк кепілдігінде тұрған және ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады.
–Сот алқасы жеке сот орындаушысының салымның мақсатын тексермей, кепіл ұстаушы мен тең қарыз алушының құқықтарын елемегенін анықтады. Бұл – «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң талаптарын және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысын өрескел бұзу болып табылады, – деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, сот алқасы жеке сот орындаушылары тарапынан жіберілген заң бұзушылықтарға байланысты Павлодар облысы бойынша ЖСО өңірлік палатасына екі жеке ұйғарым жолдады. Онда болашақта мұндай фактілерге жол бермеу үшін шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілген.