Павлодар облысында полицей суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды
Оқиға Баянауыл ауданындағы Сабындыкөлде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерінің батылдығы мен жедел әрекеті судағы оқыс оқиғаның алдын алып, адам өмірін сақтап қалды. Баянауыл ауданындағы Сабындыкөл көлінде патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы, аға лейтенант Әділбек Сабданбеков пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің полиция қызметкері Болатбек Досмағамбет судан өз бетімен жағаға шыға алмай, көмекке шақырып жатқан ер адамды байқайды.
— Бір сәт те кідірместен тәртіп сақшысы суға секіріп, батып бара жатқан адамға жүзіп жетті. Оны су бетінде ұстап тұрып, жағаға алып шықты. Құтқарылған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлеріне ер адам әрі қарай тексеруден өткізу және қажетті білікті көмек көрсету үшін тапсырылды, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейдің кәсібилігі, батылдығы және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуы қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов өңір тұрғындарына суда абай болуды ескертті. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, жаз басталғалы облыста 4 адам суға кетіп, қайтыс болған.
23 маусым күні Ертіс өзенінен екі ер адамның денесі табылды. Оның біреуі апта бұрын жоғалған жасөспірім болса, екіншісі - 21 маусымнан бері іздеуде болған 1994 жылы туған ер адам.