Облыс әкімі Павлодардағы гүлдерді суару жұмысын сынға алды
Асайын Байханов бұл жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жариялап, бүгін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов және оның орынбасарлары, ТҮКШ бөлімінің мердігерлерімен жиналыс өткізгенін атап өтті.
– Павлодар қаласындағы көшеттерді күтіп, уақтылы суарылуын ұйымдастырмасақ, көгалдандыру бойынша атқарған еңбегіміз еш болатын түрі бар. Бұл, әсіресе, өңірдегі аптап ыстық кезінде аса өзекті, – деді Асайын Байханов.
Күн тәртібінде жасыл желектерді суару мен олардың күтімін ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Суару техникасы санының 27 бірлікке дейін ұлғаюына қарамастан, бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді.
– Бұл мәселе бойынша тұрғындардан көптеген шағымдар түсуде. Бұл жағдайға менің де көңілім толмайды. Сондықтан қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің жұмыс алгоритмін қайта қарауды тапсырдым. Мердігерлік ұйымдар жұмыстарды кешкі және түнгі уақытта да жүргізеді, бірақ, оларға тиісті бақылау қажет, – деп жазды облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі бүгін кешкісін Екібастұз қаласындағы сапарынан оралғаннан кейін, облыс орталығын аралап, мердігерлер жүргізіп жатқан жұмыстарды тексеруді жоспарлап отырғанын және қол астындағы қызметкерлерден де осындай тәсілді талап ететінін жазды.