Палау, изостудия: Павлодарлықтар Экологтар күнін ерекше атап өтті (ФОТО)
Усолка жайылмасындағы шағын аумақ бірнеше аймаққа бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтың айтуынша, іс-шара ең алдымен халық арасында мәдениетті және қоршаған ортаға және жалпы табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған.
– Биыл Қоршаған ортаны қорғау күнін таза ауада өткізуді жөн көрдік. Өскелең ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу маңызды, – дейді Дияр Қайыркенов.
Мерекеге келген қала тұрғындары табиғат аясында таза ауамен тыныстап, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізді. Ұйымдастырушылар тұрғындарға керемет демалыс сыйлау үшін барынша тырысты.
Кішкентай балалар үшін изостудия ұйымдастырылды, әртүрлі жастағы павлодарлықтар йогамен шұғылданды.
Зияткерлік спорт түрлерімен айналысқысы келетіндер тоғызқұмалақ пен шахматқа арналған тақталары бар үстелдерге жиналса, енді бірі күлкі-йога аумағында көңіл көтеріп, бір серпіліп қалды.
Қыз-келіншектердің бір бөлігі гүл шоқтарын безендіру бойынша флорист маман өткізген шеберлік сағатына қызығушылықпен қатысты. Балалар атқа мініп серуендеді. Сонымен қатар табиғат аясына келген тұрғындар таза ауа ауад қазанда дайындалған палаудан дәм татты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы іс-шара алғаш рет өткізіліп отыр және көпішіліктің көңілінен шығатын болса, алдағы уақытта әрі қарай осы сында шараларды дамыта түсу ойда бар.